Алматылықтар түнде барахолка маңындағы жолды жауып тастады

Жақын маңдағы O-Jet тұрғын үй кешенінің 50-ге жуық тұрғыны Солтүстік айналма көшесінің ортасына шығып, ереуіл жасады. Оған тұрғындардың ыстық судан ажыратылуы себеп болған деп хабарлайды Tengrinews.kz. Соның салдарынан өткен түнде аталған көшеде ұзын-сонар кептеліс пайда болды. Оқиға орнына полиция жасақтары жіберілді. Кейін әлеуметтік желілерде оқиға салдары жариялана бастады. Кадрларда жүздеген автокөлік жүргізушісі кептелісте қозғала алмай тұрғанын көруге болады. Әкімдік мәліметінше, ыстық су “ҚазТрансГаз Аймаққа” тұрғындардың берешегі болғандықтан өшірілген. Су Alpha Management Services компаниясының бастамасымен тоқтатылды, ол О-Jet тұрғын үй кешеніндегі үйлердің қазандығына қызмет көрсетеді. “Газ қызметі бойынша биыл 24 мамырға қарай бір жарым миллионға жуық теңге көлемінде қарыз жиналып қалды. Ескерту жасалған. 14 маусымға дейін уақыт берілген”, – деді әкімдіктегілер. Тұрғындардың ыстық су мен жылу үшін жалпы қарызы шамамен үш миллион теңгеге тең. Айта кетейік, жол жабылғаннан кейін көп ұзамай O-Jet-ке ыстық су беріліп, тұрғындар үйіне оралды.