Арнайы комиссия шетелге заңсыз шығарылған 631 млрд теңге қайтарылғанын хабарлады

Қазақстанда Қаңтар оқиғасынан кейін құрылған “заңсыз шығарылған қаржыны қайтару бойынша” арнайы комиссия 2022 жылдың алты айында елге 631 миллиард теңге қайтарылғанын мәлімдеді. Комиссия мәліметіне қарағанда, бұл соманың 421 млрд теңгесі қылмыстық істер бойынша келтірілген шығындардың орнын толтыру аясында қайтарылған. Оның ішінде 314 млрд ақшалай түрде, 107 млрд теңге бағалы тастар және металл түрінде келген. Қалған қаржы монополиядан шығару бойынша істер аясында қайтарылған. Комиссия мәлімдемесінде заңсыз қаржыны шығаруға қатысы бар деген компаниялардың және жеке адамдардың аты-жөні айтылмаған.