“АрселорМиттал Теміртау” қызметкерлердің қауіпсіздігін қамтамасыз ету керек

Үкімет басшысы Әлихан Смайылов осылай деп мәлімдеді. Премьер-министр металлургия қауіптілігі аса жоғары өндіріс саласы екенін айтты.
Үкімет басшысының пікірінше, технологиялық процестерді жаңғыртуға, оның ішінде моральдық тұрғыда әбден тозығы жеткен жабдықтарды жаңартуға бөлінген инвестициялар жеткіліксіз. Бұл – өндірістегі апаттық жағдайлардың туындауына әкелетін басты себептердің бірі. “Жыл сайын өндірісте 10-12 адам мерт болады. Жабдықтардың әбден тозығы жеткен, жаңғыртуға салынатын инвестициялар деңгейі басқа кәсіпорындармен салыстырғанда 2-3 есе төмен. Мұны түзету керек. Инвестиция көлемін кезең-кезеңмен арттыру керек”, — деді Смайылов компания басшылығына. Үкімет басшысы кәсіпорын басшылығын өндірістегі жазатайым оқиғалардың алдын алу және экологиялық міндеттемелерді сақтау бойынша пәрменді шаралар әзірлеуге шақырды.