Астанада инфекциялық ауруханалардың 72 пайызы бос емес, күндізгі стационарлардың жұмысы тоқтатылды

Нұр-Сұлтанда коронавирус жұқтырғандар көбейгендіктен күндізгі стационарлардың жұмысы мен ауруханаға жоспарлы түрде жатқызу тоқтатылды. Бұл туралы 22 шілдеде Нұр-Сұлтан қалалық қоғамдық денсаулық сақтау басқармасының жетекшісі Тимур Мұратов хабарлады. Ақпаратқа қарағанда, қазір коронавирус жұқтырғандарды емдейтін ауруханаларда орындардың 72 пайызы бос емес. “Біз орын санын көбейтуге, қолда бар ресурстың барлығын қолдануға мәжбүрміз” деді Мұратов. Басқарма мамандарының ақпаратына қарағанда, күн сайын астанада орташа есеппен 10-15 адам коронавирустан қайтыс болып жатыр.