Астанада Жеңіс күніне орай ҰОС ардагерлерінің әрқайсына 1,5 миллион теңгеден беріледі

Елордада қазіргі уақытта Ұлы Отан соғысының 10 ардагері тұрады, деп хабарлады қалалық әкімдіктегілер. Ол ардагерлердің ең үлкені – 103, ең кішісі – 97 жаста. “Жеңілдіктер бойынша Ұлы Отан соғысының ардагерлеріне теңестірілген 436 адам 120 750 теңгеден алады. Олардың қатарында ҰОС кезеңінде қызмет еткен 13 әскери қызметші, фашистік Германияға қарсы іс-қимылдарға қатысқан жандар, Ленинградта блокада кезеңінде еңбек еткен азаматтар, концлагерьлердің кәмелетке толмаған тұтқындары, мүгедек болған әскери қызметшілер бар. Өзге мемлекеттердің аумағындағы болған әскери іс-қимылдардың ардагерлеріне тәжік-ауған учаскесінде, Ирактағы халықаралық бітімгершілік операциясында, Таулы Қарабақта этносаралық қақтығысты реттеуге қатысқан міндеттерді орындаған әскери қызметшілерге 35 АЕК (120 750 теңге) мөлшерінде төлемдер көзделген. Тыл еңбеккерлері, қаза тапқан әскери қызметшілердің отбасылары, қайтыс болған ҰОС мүгедектерінің жұбайлары 9 мамырға дейін 11 АЕК (37 950 теңге) мөлшерінде төлем алады”, – делінген хабарламада. Айта кетейік, ардагерлерге тиісті төлемдер бүгіннен бастап беріле бастайды.