Атына 11 бөтен көлік тіркелген алматылыққа ХҚКО жауап берді

Алматы облысы бойынша мамандандырылған ХҚКО алматылық Жандос Жанғозинге 11 автокөлікті заңсыз рәсімдеу дерегі бойынша қызметтік тексеріс жүргізіп жатыр. Бұл туралы Tengrinews.kz тілшісіне “Азаматтарға арналған үкімет” мемлекеттік корпорациясы өкілі айтып берді. “Бұл азаматтың атынан “Қарасай” ХҚКО-сына сенімхат бойынша жүгіну дерегін растаймыз. Қазіргі уақытта бұл іске қатысы бар тұлғаларды анықтадық. Қызметтік тексеруден кейін істі құқық қорғау органдарына жібереміз”, – деді “Азаматтарға арналған үкімет” өкілі. Қазір көліктер 22 жастағы жігіттің атынан шығарылды, бірақ тұрғынның жарты миллион теңге салық қарызы бар. Сондықтан оның банктік есепшоттары бұғатталып, елден шығуына тыйым салынған және басқа да шектеулер бар.