Атырау және Астрахан облыстарының маңында қоршау орнату жұмыстары тоқтатылды

Бұл туралы Құрманғазы ауданының әкімі Марат Мұрзиев мәлімдеді. Айта кетейік, биыл14 сәуірде Ресеймен шекарадағы Көптоғай ауылының маңында шекара қоршаулары орнатыла бастаған еді. Соған ауыл тұрғындары наразылық білдіріп, жағдайды түсіндіруді сұрады. Айтуларынша, Қиғаш өзенінің бойына қоршаулар орнатылған. Содан тұрғындар ауыз суға қол жеткізу, малын қалай суаратынын ойлап алаңдап отыр. “Бұл жұмыстардың заңдылығы туралы түсіндіру жұмыстарын жүргіздік. Жерді суару, малға су жеткізу мәселесі қаралды. Бұған ешқандай кедергі жоқ”, – деді Құрманғазы ауданының әкімі Марат Мұрзиев. Қазақстан сыртқы істер министрлігі 2020 жылы Ресей-Қазақстан мемлекеттік шекарасының жекелеген учаскелеріне демаркациялаудың қорытынды құжаттарының жобалары бекітілгенін хабарлады.