Қазақстан атом электр станциясын салуға ниетті

Энергетика министрі Болат Ақшолақов осылай деп мәлімдеді. “Атом электр станциясын салу бір-екі жылдың шаруасы емес. Ең кемі бір жыл салынатын орын белгілеуге, ол жерде судың бар-жоғын, адам ресурстарын, климатын жан-жақты зерттеуге кетеді. Қазір қашан салынатынын нақты айта алмаймын”, – деді Ақшолақов. Бұған дейін атом энергетикасы және өнеркәсіп департаментінің директоры Жасұлан Қасенов Қазақстан Атом электр станцияларын салу бойынша алты әлемдік ядролық технологиялар жеткізуші ұсыныстарын зерделеп жатқанын, салу барысында америка, жапон, корей, қытай, орыс, француз технологиялары қарастырылатынын айтқан болатын. Ол тіпті станцияны салуға кететін соманы шамамен атады. Энергетика вице-министрі Жандос Нұрмағанбетов биыл елде Атом электр стансасын салу туралы шешім қабылданатынын айтты.