Қазақстан-Британ техникалық университеті Нұрсұлтан Назарбаев білім қорының меншігіне қайта өтті.
Университеттің корпоративтік құжаттарында осылай көрсетілген. 2025 жылғы 25 қыркүйекте ҚБТУ акционерлер тізімінде меншік иесі ауысқан. NNEF қоғамдық қоры қайтадан 100% дауыс беретін акциялардың иесі атанды. 2025 жылғы ақпан айында сот шешімі бойынша университет акцияларын алған «Қайтарылған активтерді басқару компаниясы» енді акционерлер құрамынан шықты.
Естеріңізге сала кетейік, ҚБТУ 2001 жылы Қазақстан Үкіметінің қаулысымен, Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамасымен және сол кездегі Ұлыбритания премьер-министрі Тони Блэрдің қатысуымен құрылған. 2003 жылы университет «ҚазМұнайГаздың» еншілес компаниясына айналды, ал 2015 жылы жекешелендіру жоспарына енгізілді. Кейін, 2018 жылы «ҚазМұнайГаз» ҚБТУ-ды NNEF қорына 11,3–12 миллиард теңгеге сатты.
