Қазақстан халқы жинаған гуманитарлық көмек Украинаға жіберілді

11 наурызда таңертең астанадан 40 тонна гуманитарлық жүк тиелген екі фура Украинаға аттандырылды. Украина елшісі Петр Врублевскийдің сөзіне қарағанда, жүк көлігінде азық-түлік, дәрі-дәрмек және өзге де қажетті заттар бар. Ол Украинаға көмек акциясына өте көп адамның үлес қосқанын айтып, қазақстандықтарға алғыс білдірді. Елшілік өкілдерінің айтуынша, бұл Қазақстаннан Украинаға құрлық үстімен жіберілген алғашқы гуманитарлық көмек. Бұған дейін шамамен 25 тонна жүк тиелген борт ұшақ арқылы Украинаға жеткізілген. Жүк көліктері Әзербайжан, Түркия, Грузия, Болгария, Румыния арқылы Украинаның Киев облысына жеткізілуі тиіс.