Қазақстанда 138 оқушы коронавирус жұқтырғаны расталды

Бір жағдай мектеп-интернатта тіркелген. Бұл туралы денсаулық сақтау министрлігінің ресми өкілі Бағдат Қожахметов мәлімдеді, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі. “5 қазандағы жағдай бойыша республикада 138 оқушы коронавирус жұқтырды. Соның ішінде 52 бала кезекші сыныпқа барып жүрген, 86 бала қашықтан оқыту кезінде ауырып қалды. Тағы бір жағдай мектеп-интернатта тіркелді. Бүгінде науқаспен байланыста болғандар анықталып, 14 күндік карантинге алынды”, – деді Қожахметов онлайн брифингте. Айтуынша, індет басталғалы бері коронавирус 2551 баладан табылған. Ең көп Шығыс Қазақстан, Солтүстік Қазақстан және Павлодар облыстарында тіркелді.