Қазақстанда карантин қайта қатаңдатылуы мүмкін

Қазақстандықтардың карантиндік-санитарлық талаптарды сақтамауы қатаң карантиннің қайта енгізілуіне әкеп соғуы мүмкін. Бұл туралы денсаулық сақтау министрі Алексей Цой мәлімдеді, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан.

Министр елде эпидемиологиялық жағдай тұрақталса да, халық босаңсып кеткенін айтты.

“Бетперде кию, ара қашықтықты сақтау талаптары үнемі орындала бермейді. Бұл коронавирустың таралуына және карантин режимінің күшеюіне әкеп соғуы мүмкін. Мұндай жағдай қазір көптеген әлем елдерінде қайталанып жатыр”, – деді Цой.

Айтуынша, карантин жеңілдетілгеннен кейін өңірлерде режим талабын бұзу фактілері 30,4%-тен 40,7%-ке дейін өскен. Он өңірде карантин режимін бұзу деректері жиілеген.
Сонымен қатар, ол адамдар маска тағу талабын да орындамайтынын атап өтті. 5-27 қыркүйек аралығында бетперде тақпағаны үшін 1 131 азаматқа айыппұл салынған.