Қазақстанда ревакцинация қараша соңында басталады, биыл 600 мың адам қосымша доза салдыруы тиіс

Денсаулық сақтау министрлігі халыққа екпе салу жөнінде консультативтік комиссиямен бірігіп, азаматтарға коронавирусқа қарсы вакцинаны қайта салу (ревакцинация) науқанының ережелерін бекітті. Бұл жөнінде 13 қазанда денсаулық сақтау министрі Алексей Цой Facebook парақшасында хабарлады. Ақпаратқа қарағанда, Қазақстанда ревакцинация қарашаның соңында басталады. Коронавирусқа қарсы қосымша доза (бір доза ғана) екпенің қос дозасын алғаннан соң 6-9 ай өткеннен кейін салынады. Министрлік дерегінше, республикада ақпан мен мамыр аралығында шамамен 600 мың адам коронавирусқа қарсы екпе салдырған. Вакцина бірінші кезекте осы азаматтарға салынады.