Қазақстандағы блогерлерге қатысты жауапкершілікті күшейту керек

“Ауыл” фракциясының депутаттары осындай ұсыныс жасады. Депутаттық сауал қойған мәжілісмен Әнес Баққожаев өзін блогермін деп жүргендер жиі жалған ақпарат жариялайтынын айтты. “Қазір өзін блогермін деп жүргендердің дені – ақпараттың рас-өтірігін тексермей, оңай жолмен баю үшін кез келген адамға жала жабудан тайынбайтын, бопсалап ақша табатын, атаққұмар, елдің берекесін бұзып, қауіпсіздігіне қатер төндіретін сауатсыз адамдар”, – деді ол Мәжілістің жалпы отырысында. Депутат қазақстандықтардың қаржылық пирамидаларға түсуіне кейбір блогерлер себеп болғанын еске салды. “Өкінішке қарай, өмірге деген көзқарасы енді қалыптасып келе жатқан жастарымыз осы блогерлерге еліктеп, жатыпішерлікке әуестеніп барады, олар ұлтымызға жат мәдениет пен теріс идеологияны бойына сіңіріп жатыр. Бұл – қоғам үшін де, мемлекет үшін де қауіпті құбылыс”, – деді Баққожаев.