Қазақстандық шаңғышы Анна Шевченкодан коронавирус анықталды

Қазақстандық шаңғышы Анна Шевченкодан коронавирус анықталды. Бұл туралы шаңғы федерациясының баспасөз қызметі мәлімдеді. Спортшыдан дерт ПТР-тест арқылы расталған. Қазір Анна Шевченконың жағдайы қанағаттанарлық. Ауру симптомсыз өтіп жатыр. Ол ДДҰ мен Денсаулық сақтау министрлігі ұсынған хаттамаға сәйкес емделіп жатыр. Қазір шаңғышы Щучинсктегі аурухана дәрігерлерінің бақылауында. Ол 14 күннен кейін тағы да ПТР-тестілеуден өтеді. Айта кетейік, команда Щучинскідегі оқу-жаттығу жиынының алдында ПТР сынақтан өткен еді. 6 қарашада команда екінші рет коронавирус бар-жоғын анықтайтын тестілеуден өтті. Егер нәтижелер теріс болса, топ толыққанды дайындықты бастайды. Қазір олар қысқартылған форматта дайындалып жатыр.