Қазақстандықтар зейнетақы жинақтарының 50%-ін жеке инвестициялық компанияларға бере алады

Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорының салымшылары зейнетақы жинақтарының 50%-ін жеке инвестициялық компанияларға бере алады, деп хабарлайды еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі. Бұл жоба биыл 1 шілдеден бастап жүзеге асады. Салымшыларға өзінің зейнетақы жинақтарының 50%-ін өз таңдауымен жеке басқарушы инвестициялық компанияларға беру құқығы беріледі. Бұл азаматтарға зейнетақы активтерін басқаруға қатысуға, өздерінің зейнетақы жоспарын құруға, жинақтарын инвестициялаудың балама саясатын таңдауға мүмкіндік береді. Министрліктің айтуынша, зейнетақы жинақтарын жеке басқаруға беру кезінде әртүрлі инвестициялық стратегияларды пайдалану, неғұрлым жоғары инвестициялық табыстылықты алуға және тиісінше зейнетақы жинақтарының ұлғаюына ықпал ететін болады.