“Азия-Авто” құрылтайшысына іздеу жарияланды, сот оны сырттай қамауға алды

Фото:365info.kz

“Азия-Авто” компаниялар тобының құрылтайшысы Анатолий Балушкинге Қазақстанда іздеу жарияланды. Оның үстінен қозғалған қылмыстық істі Шығыс Қазақстан облысының қаржылық қадағалау жөніндегі агенттігі жүргізіп жатыр. Іс “Алаяқтық” бабы (Қылмыстық кодекстің 190-бабы, 4-бөлігі) бойынша қозғалған.
Агенттіктің баспасөз қызметінің хабарлауынша, сот оны сырттай қамау туралы шешім шығарған.
Анатолий Балушкин — “Бипэк Авто – Азия Авто” компаниялар тобы директорлар кеңесінің төрағасы. 2020 жылы индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі “Бипэк Авто – Азия Авто” компаниясымен көлік құрастыру жөнінде келісімді бұзған. Ведомство компаниядан 2010 жылдан бері 174 млрд теңге көлемінде (405 млн доллар) алған жеңілдіктерді қайтаруды талап еткен.
Балушкин мен оның командасы мәселені сот арқылы шешуге тырысқан, бірақ 2021 жылдың басында министрлік процесте жеңіске жеткен.
Соның нәтижесінде Қазақстанда мыңдаған жұмысшы жұмыссыз қалған. Ал зауыт көліктің кейбір түрлерін шығаруды тоқтатқан.