Азық-түлік сатып алыңыздар: Нұр-Сұлтан қайта қатаң карантинге оралады

Нұр-Сұлтан қаласында 20-21 маусым күндері карантин күшейіп, тұрғындардың жүріп-тұруы шектеледі. Бұл туралы елорданың бас мемлекеттік санитар дәрігері Жанна Пірәлиеваның қаулысында айтылған.

“Нұр-Сұлтан қаласында демалыс күндері – 2020 жылы 19 маусым сағат 22.00-ден бастап 2020 жылы 22 маусым сағат 00.00-ге дейін шектеу және карантиндік іс-шаралар уақытша күшейтілсін”, – делінген қаулыда.

Астаналықтарға үйден тек жұмысқа, дүкенге, дәріханаға, шұғыл жағдайларда және үй жануарларын серуендетуге ғана шығуға рұқсат етіледі, деп хабарлайды қала әкімдігінің сайты.

Полиция департаментіне шектеулердің сақталуын қадағалау бойынша қала аумағында патрульдеуді ұйымдастыру тапсырылды. Елорда әкімдігі тұрғындарға демалыс алдында қажетті тауарлар мен дәрі-дәрмекті сатып алуға кеңес берді.