Бішкекте митинг кезінде жарақаттанған бір адам қаза болды, 13 адам реанимацияда жатыр

Бішкекте митинг кезінде басынан ауыр жарақаттанған бір адам қаза болды. Марқұм жайлы басқа мәлімет айтылмады.

Қырғызстан денсаулық сақтау министрлігінің мәліметінше, 5 қазаннан бері түрлі дәрежеде жарақаттанған 600-ге жуық адам дәрігерлер көмегіне жүгінген. 150 адам ауруханаға түскен. 13 адам реанимацияда жатыр.

Қырғызстанда парламент сайлауының алдын ала қорытындысымен келіспеген наразы топ 5 қазанда күндіз Бішкек орталығында митинг өткізіп, Жээнбековтің биліктен кетуін, қайта сайлау өткізуді талап еткен еді. Кешке қарай парламент пен президент әкімшілігі маңында наразылар мен полиция қақтығысып қалған. Наразыларды таратуға тырысқан күштік құрылым өкілдері көзден жас ағызатын газ, резеңке оқ, түтін құтылар қолданған, су шашқан. Ондаған адам жараланған. Кейінірек наразы топ парламент ғимаратын, Ақ үй, мемлекеттік ұлттық қауіпсіздік комитеті мен қоғамдық КТРК арнасын басып алған.