Боран кезінде жүргізушілерге жол көрсеткен полицейге сыйлық табысталды

Полиция қызметкері тасжолдағы көлік жүргізушілерін қар құрсауынан құтқарып, қалаға апарар жолды көрсетіп көмектескен. Қостанай қаласының патрульдік полиция батальонының инспекторы, лейтенант Амантай Байжановқа ІІМ логотипі бар сағат сыйға берілді. Әлеуметтік желі қолданушылары: “Көліктің алдына шығып, жүгіріп, қалаға шығатын жолды көрсетіп жүрген полицейге алғыс білдіремін”, – деп видео таратқан. Бұл полицейдің алғашқы ерлігі емес. Бұған дейін ол әріптесімен бірге 15 адамды өрттен құтқарып қалған болатын. Сол кезде полицей ерлігі үшін “Өртте көрсеткен қайсарлығы үшін” төсбелгісімен марапатталған еді.