БЖЗҚ жалған хабарлама таратылып жатқанын ескертті

Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қоры әлеуметтік желілер мен мессенджерлерде алаяқтар жалған ақпарат таратып жатқанын хабарлады. “Олар өздерін зейнетақы қорының қызметкері ретінде таныстырып, банк картасының нөмірін білуге тырысады және зейнетақыны қайта есептеу керек деген желеумен оның деректемелерін атауды сұрайды”, – делінген хабарламада. Зейнетақы қоры мұндай спам-хабарламаның Ресей Федерациясында бірнеше ай бойы таралғанын және қазақстандық жинақтаушы зейнетақы жүйесіне ешқандай қатысы жоқ екенін анықтады. Зейнетақы қоры телефон арқылы жеке деректер мен банк картасының деректерін сұрамайтынын хабарлады.