Дариға Назарбаева қандай вакцина салдыратынын айтты

Мәжіліс депутаты Дариға Назарбаева Спутник V вакцинасын салдыруды жоспарлап отырғанын айтты, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан. “Міндетті түрде салдырамын. Сіздерге де кеңес беремін”, – деді Назарбаева. Қандай вакцина салдырасыз деген сұраққа: “Әрине, Спутник. Отандық вакцина әлі тіркелген жоқ қой”, – деп жауап берді. Ішкі істер министрі Ерлан Тұрғымбаев қазақстандық вакцинаны салдыратынын айтса, әділет министрі Марат Бекетаев дәрігерлердің кеңесіне құлақ асатынын жеткізді. Биыл 1 ақпанда Қазақстанда Спутник V вакцинасын салу басталды. Екпе, бірінші кезекте, медицина қызметкерлері, мұғалімдер, полицейлер мен әскерилерге салынады.