Депутат Жигули Дайрабаевтың ұлдары сотталды

Тараз қаласы №2 соты субсидияларды ұрлау туралы іс бойынша үкім шығарды. Төрт адамға қатысты қылмыстық іс қаралды. Олардың қатарында “Жамбыл облысы әкімдігінің ауыл шаруашылығы басқармасы” ММ басшысының өсімдік шаруашылығы мәселелері жөніндегі орынбасары болған Ерлан Күлкеев, кәсіпкерлер Елжан Елібай, Марат Дайрабаев және Дидар Молдақалық бар. Нәтижесінде сот оларға субсидиялау қағидаларын бұзып, “Альбион” құлпынай көшеттері үшін мемлекеттік субсидиялар алғанын, олардың бір бөлігі алаяқтық жолымен ұрланып, жеке қажеттіліктеріне жұмсалғанын, осылайша, мемлекетке 550 849 430 теңге көлемде залал келтіргенін анықтаған. Марат Дайрабаев пен Дидар Молдақалық – Мәжіліске “Ауыл” партиясынан сайланған Жигули Дайрабаевтың ұлдары. Бұл мәліметті Жамбыл облыстық сотының судьясы Ғалым Күлекеев растады. Олардың кінәсі дәлелденген. “Дайрабаев пен Молдақалықтың мүлкі тәркіленіп, кез келген меншік нысанындағы ұйымдарда басшылық лауазымды атқару құқығынан айыра отырып, түпкілікті әрқайсына 5 жылға бас бостандығынан айыру жазасы, пробациялық бақылауға белгілене отырып шартты түрде тағайындалды. Үкім заңды күшіне әлі енген жоқ”, – делінген хабарламада.