Елімізде маркетплейс арқылы сауда жасайтын кәсіпкерлерге бақылау күшейтілді.
Бұдан былай онлайн саудамен айналысатын әр сатушы салық органдарына есеп беріп, жеке деректерін ұсынуға міндетті болады. Бұл мәліметтерге тауар айналымы, төлем көлемі және жасалған мәмілелер саны кіреді.
Мемлекеттік кірістер комитеті жаңа жүйе арқылы электронды саудадағы кірістерді декларациямен салыстырып отырады. Сәйкессіздік анықталған жағдайда кәсіпкерге хабарлама жолданып, 30 күн ішінде түзетуге мүмкіндік беріледі. Нұсқаулық орындалмаса, салықтық тексеру жүргізіледі. Тіпті шоттарға бұғат қойылуы мүмкін.
Қазір Қазақстанда 127 шетелдік маркетплейс тіркелген. Олардың қатарында Apple, Amazon және Alibaba бар. 2022 жылдан бері бұл компаниялар ел экономикасына 146 миллиард теңгеден астам салық төлеген.
