Елімізде сайлау мен референдумдарда электронды дауыс беру енгізілмейді.
Орталық сайлау комиссиясы мұндай жүйені енгізу жоспарда жоқ екенін мәлімдеді. Комиссия хатшысы Шавкат Өтемісовтің айтуынша, басты себеп – киберқауіпсіздік тәуекелдері және жоғары шығындар.
Қазір әлемнің 40-қа жуық елінде электронды дауыс беру қолданылғанымен, Германия, Нидерланд, Норвегия секілді мемлекеттер бұл жүйеден бас тартқан. Өтемісов онлайн дауыс беру кезінде жүйеге ықпал ету қаупі артатынын атап өтті.
Мысалы, елдегі ОСК сайтына аптасына 7–8 кибершабуыл жасалады. Ал сайлау кезінде бұл көрсеткіш бірнеше есе өсетіні анық.
