Еліміздегі 200-ден астам елді мекенде мүлдем медициналық нысан жоқ

Ал 400-ге жуық ауылдағы ғимарат болса, жалға алынған немесе апаттық жағдайда тұр. Бұл жайында бүгін Парламент қабырғасында Денсаулық сақтау министрі Ажар Ғиният айтты. Ведомство жетекшісінің сөзінше, қазір ауылдарда алғашқы медициналық көмек көрсету инфрақұрылымының тозуы 50% асады. Жалпы қала мен ауылдағы денсаулық сақтау саласының деңгейі жер мен көктей екендігі бесенеден белгілі. Қазір елді мекендерде науқастарды динамикалық бақылау сапасы төмендеген. Сонымен қатар созылмалы аурулары бар пациенттерді қымбат дәрі-дәрмектермен қамтамасыз ету ауыл тұрғындары арасында қала тұрғындарымен салыстырғанда екі есе аз. Бірқатар ауылда дәріхана пункттері де жоқ.