Грузияда қайтыс болған Әсел Айтпаеваның тергеу ісі бір жылға созылды

Қыздың анасы қазақстандық тергеушілерге шағымданды. Қазақстанда тергеу әлі аяқталмаған, материалдар әлі сотқа берілген жоқ. “Кісі өлтірді деген күдікті Мұрат Мейірбековке қатысты сараптама дайын емес”, – деді Айсұлу Айтпаева. Ол Бас прокуратура мен сыртқы істер министрлігіне арызданған. Ішкі істер министрлігінің баспасөз қызметі Мұрат Мейірбековке қатысты соталды тергеу жүріп жатқанын хабарлады. Оның әрекеті Қылмыстық кодекстің “Адам саудасы” және “Зорлау” бабы бойынша сарапталған. “Қылмыстық істі Нұр-Сұлтан қалалық ПД тергеп жатыр. Тергеу мерзімі қылмыстық-процессуалдық заңнама нормаларына сәйкес ұзартылды. Басқа да деректер жария етуге жатпайды”, – деді ІІМ өкілдері. Қазақстандық Әсел Айтпаева былтыр 5 мамырда Грузияда тұрғын үй ауласынан өлі табылған болатын.