Халыққа коронавирусқа қарсы қазақстандық QazVac вакцинасы егіле бастады

26 сәуірде Қазақстанда халыққа коронавирусқа қарсы қазақстандық институт әзірлеп шығарған QazVac вакцинасы егіле бастады. Дүйсенбі күні QazVac-тың алғашқы дозасын алғашқылардың бірі болып денсаулық сақтау министрі Алексей Цой алған. Министр елде әрбір 20-қазақстандықтың коронавирусқа қарсы вакцина алып үлгергенін, вакциналау науқанының ойдағыдай жүріп жатқанын айтқан. Шенеуніктердің айтуынша, қазақстандықтар вакцинаның қай түрін салғызатынын (коронавирусқа қарсы отандық немесе ресейлік Спутник V вакцинасы) өздері шешеді. Бәрі ерікті түрде жүреді деп сендіреді. Коронавирусқа қарсы көптеген вакциналар сияқты QazVac та 21 күн үзіліспен екі рет салынады.