Хаменова жемқорлық айыбын мойындамады. Тағы бір күдікті “айыптау актісімен келісті”

Атырауда облыс әкімінің орынбасары болған Бақытгүл Хаменова 11 тамыздағы сот отырысында өзіне тағылған “едәуір көлемде пара алды” деген айыпты мойындамайтынын айтты. Бұл туралы сот залынан Ақжайық сайты хабарлады. Хаменова мен Атырау облысы мәдениет басқармасының экс-басшысы Ақылбек Рысқалиев Абай ескерткішін түрғызуға бөлінген 145 млн теңге тендерден 4,5 млн теңгесін жымқырды деген күдікке ілінген. Ал “Балқыту” компаниясының директоры Өміртай Адамов “пара берді” деп айыпталған. Хаменова өзіне тағылған айыпты мойындамайтынын айтты. Ал Рысқалиев “пара алмадым, тек делдал болдым” деген. Адамов айыптау актісімен келіскен. Бұл іс бойынша сот отырысы алдағы күндері жалғасады.