Энергетика министрі Петропавл тұрғындары биыл қыста жылусыз қалмайтынына сендірді

“Біз жылу болуы үшін қолдан келгенді аянып қалмаймыз. Жыл басында, апат болған кезде қабылданған шешімге сәйкес, жоспар бойынша келе жатырмыз. Биыл еш іркіліссіз, ойдағыдай өтеміз деген сенім бар”, – деп жауап берді Болат Ақшолақов. Еске салсақ, биыл 20 наурызда Петропавл қаласында екінші жылу электр орталығының мұржасы құлаған болатын. Үйінді арасынан 38 жастағы машинист әйелдің мәйіті табылды. Кейінірек апат болған Петропавл ЖЭО-2 жұмысын қалпына келтіру бойынша жол картасы әзірленді. Энергетика министрлігі жөндеу жұмыстарына 17,5 млрд теңге жұмсалатынын хабарлаған еді.