Коронавирус жұқтырған Президент баспасөз хатшысының жағдайы жақсарды

Берік Уәли дене қызуы түсіп, тыныс алуы жақсарғанын айтты. Осы уақытқа дейін ол хаттама бойынша ем алған деп хабарлайды Tengrinews.kz.

Оның айтуынша, ауру белгілері коронавирус анықталғаннан кейін байқала бастаған. Дене қызуы 39 градусқа дейін жеткен. Температурасы он күндей түспей қойған. Тамағы қышып, тәбеті болмапты.

Айта кетсек, дәрігерлер оған пневмония диагнозын қойған. Берік Уәли өзін емдеген барлық дәрігерге және медициналық қызметкерге алғыс айтты. Бұдан бөлек, Президенттің баспасөз хатшысы барлық қазақстандықты өз денсаулығы мен жақындарының денсаулығы үшін карантин ережелерін қатаң сақтауға үндеді.

Айтуынша, оның егде жастағы ата-анасынан да коронавирус анықталған. Қазір олардың жағдайы қанағаттанарлық, медициналық көмек көрсетіліп жатыр. Еске салайық, Берік Уәлидің коронавирус жұқтырғаны туралы ақпар 6 маусымда хабарланған болатын.