Ломбардтар төңірегіндегі дау: жеті адам әлі іздестіріліп жатыр

“Гарант24 Ломбард”, “Выгодный займ”, Estate Lombard ЖШС істері бойынша 51 адам қылмыстық жауапқа тартылуда. Жеті күдікті іздестіріліп жатыр. Бұл туралы ішкі істер министрлігі тергеу департаментінің басшысы Санжар Әділов мәлімдеді, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан.

“Гарант24 Ломбард”, “Выгодный займ”, Estate Lombard ЖШС бойынша ІІМ тергеу департаментіне жәбірленушілерден 17 мыңнан астам арыз-шағым түсті. Келтірілген материалдық шығын 22 миллиард теңгеден асады. Осы ұйымдардың басшыларына қатысты 32 қылмыстық іс тіркелді, 51 күдікті қылмыстық жауапқа тартылуда. Жеті адам іздестірілуде “, – деді Әділов.

Ол үш күдікті Молдова, Ресей және Қырғызстаннан Ұлттық ұланның арнайы бортымен жеткізілгенін атап өтті. Айтуынша, күдіктілерден қолма-қол 70 миллион теңгеден астам ақша тәркіленген. Күдіктілердің екі миллиард теңгеден астам мүлкі тәркіленіп, бұғатталды.