Мәйіт бұзыла бастады: Алматы тұрғындары марқұм туыстарын жерлей алмай жүр

Алматы қаласының ондаған тұрғыны қайтыс болған туыстарын жерлей алмай отыр. Жерлеу қызметін ұйымдастыру агенттіктері мен мәйітханалар қайтыс болғандарды COVID-19 вирусының теріс көрсеткіші болса ғана қабылдайды. Ал мұндай анықтама алу үшін бірнеше күн қажет, деп хабарлайды Евразия Бірінші арнасы.

“Мәйітті үш күннен бері үйде сақтап отырмыз. Бұзыла бастады. Ешқандай көмек жоқ, не істеу керектігін де білмей қалдық”, – дейді туысы үш күн бұрын қайтыс болған қала тұрғыны Мұрат Құсайынов.

Мәселенің ушыққанынан хабардар болған Алматының бас санитар дәрігері Жандарбек Бекшин ауруханадан тыс жерде қайтыс болған алматылықтардың денесі коронавирусқа тексерілмейтіні туралы жарлыққа қол қойды. Осыдан кейін ғана марқұмдардың туыстары барлық ережеге сай жерлеуге мүмкіндік алды.