Министр Қазақстанда коронавирустың шарықтау шегі қашан болатынын болжады

Қазақстанда наурыз айының соңына қарай коронавирус індеті шарықтау шегіне жетуі мүмкін. Бұл туралы денсаулық сақтау министрі Алексей Цой мәлімдеді, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан. Денсаулық сақтау министрлігі 2021 жылға эпидемиологиялық болжам жасады. “Қазақстанда коронавирустың шарықтау шегі наурыз айының соңында тіркелуі мүмкін”, – деді Цой. Айтуынша, оптимистік сценарий бойынша тәулігіне 3 мың науқас тіркеледі. Ауруханаларда 24 мың төсек-орын бос болмауы мүмкін. “Десе де, бұл сценарий кезінде қатаң карантин шараларын енгізу жоспарланып отырған жоқ”, – деді министр. Ал реалистік және пессимистік сценарий бойынша күн сайын 6 мыңнан 9 мыңға дейін адам вирус жұқтырады деген болжам бар. “Мұндай жағдайда 45 мың төсек-орын толады. Яғни, бұл індетке шалдыққандарға арналған 52 мың төсек-орыннан аспайды. Бірақ, денсаулық саласына салмақ түсірмеу үшін қатаң карантин енгізуге әкеп соғады”, – деді ведомство басшысы.