Министр “Қазақстаннан Ресейге дрон тасыған” компания туралы: Бәлкім, декларацияда басқа тауар ретінде көрсеткен шығар

Қаржы министрі Ерұлан Жамаубаев журналистер зерттеуінде “Қазақстаннан Ресейге дрон тасымалдады” деп айтылған компания туралы ақпараты жоғын айтты. – Ол компания (“Аспан арба”) жайлы ақпаратым жоқ. Бірақ өткен айда бізге АҚШ пен Еуроодақтан делегация келіп, бізбен келіссөз жүргізді. Егер қандай да бір санкциялық тауарлар [Ресейге] өтіп кеткен болса, олар бізге тізімін беретін еді. Ол тізімді мұқият зерттейміз, – деді министр. Оның айтуынша, делегация бұл компания туралы айтпаған. Министр әрбір кәсіпкерді ұстап, “заң бұзды” деп айыптай алмайтынын жеткізіп, “Аспан арба” туралы ақпаратты тексеретінін айтты. “Қазақстаннан Ресейге бұл тауарлар қалай жеткізілген?” деген сұраққа министр “бәлкім, олар декларацияда басқа тауар деп көрсеткен шығар” деді. Өткен аптада халықаралық зерттеушілер тобы Қазақстан арқылы Ресейге “санкцияға ілінген тауар тасымалдау схемасын” жариялаған. Зерттеушілердің дерегінше, былтыр сондай компаниялардың бірі қазақстандық “Аспан арба” компаниясы DJI компаниясының 500-ге жуық дронын Ресейге сатқан.