Министр Бағдат Мусин “Сбер” платформасын жасаған Ресей технологиясын мәжілісте мақтады

Цифрлық даму, инновация және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Бағдат Мусин Қазақстан парламентіндегі үкімет сағатында “Сбер” платформасын жасаған Ресейдің технологиясын мақтады. – Олар [Ресей] зымыран да құрастырады, Yandex, Mail.ru да жасап жатыр. Қазақстан сервистері ондай деңгейге жеткен жоқ. “Сбердің” технологиясы дамыған және олар кодтарды беруге дайын, – деді министр. Бағдат Мусиннің айтуынша, Қазақстан Ресейден платформаны сатып алғанымен, оны Қазақстанның өз мамандары құрастырады және кейін Ресей бұл платформадан ешқандай ақпарат ала–алмайды. Министрдің сөзінше бұл мәселенің саяси астары жоқ. Министр Қытай компанияларының Қазақстаннан не талап еткенін айтқысы келмеді.