Министр ел мектептерінде хиджаб киіп жүруге бола ма деген сұраққа жауап берді

Ақпарат және қоғамдық даму министрі Дархан Қыдырәлінің айтуынша, кейбір желі қолданушылары халықаралық тәжірибеде, әлемде бұл мәселе толығымен шешілгенін жазған. Оның пікірінше, бұл – жалған ақпарат. Өйткені, мысалы, Еуропа, Франция, Австрия сияқты дамыған зайырлы және демократиялық мемлекеттер хиджаб киюді белгілі бір жасқа дейін шектеген. “Әрине, бұған рұқсат беретін елдер бар. Сондықтан бұл мәселеде халықаралық тәжірибенің екіұшты екенін көріп отырмыз. Әртүрлі мемлекеттердің өзіндік тұрақты бағыты мен тәжірибесі бар. Біздің де өз ұстанымымыз бар. Ол – Конституция мен зайырлылықты сақтау”, – деді ол. Бұған дейін Оқу-ағарту министрлігінің басшысы Ғани Бейсембаев заң талабы бойынша барлық оқушы сабаққа мектеп формасымен келуі керек деп айтқан болатын.