Министрлік санкцияға іліккен қазақстандық компанияға қатысты мәлімдеме жасады

Қаржы министрлігінің дерегіне сүйенсек, компанияның қызметі 2021 жылдан бері тоқтатылған. Ұлттық экономика министрлігі “Defence Engineering” компаниясын АҚШ Қаржы министрлігінің шетелдік активтерді бақылау басқармасы санкциялар тізіміне енгізгенін растады. Кәсіпорын Астанада тіркелген. Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігінің мәліметінше, кәсіпорынға ерекше тауарларды өткізуге лицензия, рұқсат берілмеген. “Компания иесі Ашот Мкртычев Қазақстан резиденті емес. Компанияның санкциялар тізіміне енгізілуі техникалық сипаттағы жәйт”, – делінген ұлттық экономика министрлігінің мәлімдемесінде. Ол 2020 жылы 7 наурызда Қазақстан аумағынан кетіп қалған. Одан кейін елге кірмеген. Министрлік Мкртычевтің басқа юрисдикцияларда тіркелген тағы екі компаниясы санкцияға іліккенін айтты. Еске сала кетейік, АҚШ “Солтүстік Кореямен байланысы үшін” Қазақстан, Ресей және Словакиядағы үш компанияға қатысты санкция енгізгені хабарланған болатын. Үш фирманың да Словакия азаматы Ашот Мкртычевке қатысы бар.