Шетелдік студенттер өздерінің төлем қабілетін растауы керек

Ғылым және жоғары білім министрінің осы жылғы 7 тамыздағы бұйрығымен білім алу мақсатында келген иммигранттардың тұруына, сонымен қатар оқуына ақы төлеу үшін төлем қабілетін растайтын құжаттарды ұсыну ережесі бекітілді. Білім беру ұйымдары жыл сайын білім алу мақсатында келген иммигранттар үшін оқу ақысы мен студент жатақханасында тұру құнын белгілейді. Төлем қабілетін растау үшін иммигранттар оқу орнына қазіргі банк шотының жағдайы туралы анықтама береді. Егер қолданыстағы шотында қаражат жеткіліксіз болса білім беру ұйымы шарт жасасудан бас тарту туралы шешім қабылдайды. Ережелер этникалық қазақтар болып саналатын иммигранттарға қолданылмайды, яғни оларға төлем қабілетін растаудың қажеті жоқ. Бұйрық 17 тамызда күшіне енді.