Шетелдіктерге жер беретіндер қатаң жазаланады

Ауыл шаруашылығы жерлерін шетелдіктерге беру туралы заңды бұзған шенеуніктердің жазасы күшейеді. Бұдан былай оларға 30 айлық есептік көрсеткіш көлемінде айыппұл тағылады. Сенаторлар тиісті өзгерістерді мақұлдады. Енді шетелдіктердің қатысуымен ашылған компанияларға, халықаралық ұйымдар мен ғылыми орталықтарға, қандастар және шетелдікпен некеге отырғандарға жер беретіндер қатаң тексеріледі. Бұл өзгерістер мал жаю мен егіншілікке арналған алқаптарға да қатысты. Егер жазаға тартылған жауапты тұлғалар, мұндай әрекетке екінші рет барса, онда айыппұл сомасы екі есеге артады. Айта кетерлігі, енді бақылауды жергілікті атқарушы органдар емес, Ауыл шаруашылығы министрлігінің өзі жүргізеді. Ведомство мамандары әкімшілік істерді қарап, төлемдерді өндіретін болады.