“Шыдауға тура келеді”: Назарбаев Мұхтар Әблязовтың әрекетіне күйінді

Қазақстанның тұңғыш президенті Нұрсұлтан Назарбаев қашқын банкир Мұхтар Әблязовқа сенім артқанын, алайда ол үмітін ақтамағанын мәлімдеді, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан. “Мысалы, Әблязов сатқын емес пе? Мен оны жас кезінде энергетика министрі қызметіне тағайындадым. Ал ол ұрлық жасады. Түрмеге отырғыздық. Сол жерден талай рет хат жазды. Туған-туыстары мен достары да босатуды өтінді. Біршама уақыттан кейін президент өкілеттілігін пайдаланып, оған рақымшылық жасадым. Әйтпесе, түрмеде отыра беретін еді”, – деді Назарбаев “Штрихи к портрету” деректі фильмінде.

Әблязов түрмеден шыққаннан кейін банк басшылығына сұранған. Назарбаев бұл өтінішін де орындаған.

“Ал ол не істеді? 7,5 миллиард долларды ұрлап кетті. Енді осы ақшаға 15 жыл батыста тұрып жатыр. Бұдан басқа қандай ақшаға күн көреді. Ол жақта жұмыс істеп жатқан жоқ қой. Жалақы да алмайды. Соның бәрі халықтың ақшасы болды. Мемлекет адамдардың ақшасын қайтарып берді. Әлі күнге дейін сол ақшаны іздеп, біртіндеп қайтарып жатырмыз”, – дейді Назарбаев.

Осы орайда Елбасы өзінің қолдауына ие болса да, сенімін ақтамаған бірнеше адамның бар екенін атап өтті. Айтуынша, қазіргі кезде олар елге қарсы жұмыс істеп жатыр.

“Әсіресе, қазақтар осы тәуелсіздікті сақтап қалу үшін еңбек ету керек қой. Олар болса, Қазақстанды жамандап, далаға шығыңдар, көшеге шығыңдар, бәрін қиратыңдар, быт-шытын шығарыңдар дейді. Соған күйінемін. Өзіміздің ішімізден шыққан қазақ балаларының солай жасағаны жүрегіме де, жаныма да қатты батады. Шыдауға тура келеді…”, – деп түйіндеді Елбасы.