Шымкентте бопсалаумен айналысқан қылмыстық топ ұсталды

Шымкентте Ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес департаментінің қызметкерлері бопсалаумен айналысқан қылмыстық топты ұстады, – деп хабарлайды Polisia.kz. Басылым мәліметінше, Шымкент қаласы Полиция департаментіне жеке кәсіпкер бейтаныс екі азаматтың бопсалағаны туралы арызбен жүгінген. Оны күшпен қорқытқан ер адамдар жәбірленушіге тиесілі Toyota Camry 70 автокөлігін тартып алған. “Екеуі де жергілікті қала тұрғындары, біреуі бұрын бірнеше рет сотталған. Олардан екі аңшылық пышақ, 160 оғы бар пневматикалық тапанша, 21 оғымен АК-47 автоматы және Макаров тапаншасының қабы тәркіленді”, – делінген хабарламада. Қазіргі таңда күдіктілер қамауда отыр.