Шымкенттік төрт айда 11 жеңіл автокөлік ұрлаған

Шымкенттік төрт айда 11 жеңіл автокөлік ұрлаған. Бір қызығы, күдікті көліктерді сызғыштың көмегімен ашқан. Жедел-іздестіру жұмыстары нәтижесінде құқыққорғау органы әккі ұрыны ұстады. Қазір күдікті уақытша ұстау изоляторына қамалды, сыбайластарының бар-жоғы анықталуда деп хабарлайды Ktk.kz. Ішкі істер министрлігінің ақпаратынша, соңғы 4 айда қала тұрғындарынан полицияға Daewoo Nexia маркалы көліктің ұрланғаны туралы арыз түсе бастаған. Тергеу жұмыстары жүргізіліп, нәтижесінде, көліктерді таңғы сағат 4-тен 6-ға дейін бір адам ұрлағаны анықталған. Күдікті қалаға кешкі сағат 8-де келіп, қауіпсіздік жүйесі нашар автокөліктерді іздеген. Ер адам автокөліктердің тұтану құлпын ашып, қозғалтқышты іске қосып, машинаны қауіпсіз жерге айдап апарып, көліктің нөмірін ауыстырған. Ол көлікке интернет арқылы сатып алған Ресейдің жалған нөмір белгілерін таққан. Полиция басқа адамдарға сатылған 6 көлікті тәркілеп, иелеріне қайтарды. Екі автомобиль бөлшектеліп сатылғаны анықталды. Қалған үш көлік әлеуметтік желілер арқылы сатылған, қазір оларды іздеу жұмыстары жүргізіліп жатыр. Тергеу жалғасуда.