Талдықорғанда үш жасар қызын аяусыз соққыға жыққан ер адам қамауға алынды.
Бүлдіршін Ақжарқын Жұмақанова ауыр жағдайда ауруханаға жеткізілді. Мас әкесі анасы моншада жуынып жатқан кезде қызын сабап тастаған. Бұл туралы КТК арнасы хабарлады.
Дәрігерлер баланың ішкі ағзалары зақымданғанын айтты. Ерлі-зайыптылар бес жыл некеде тұрған. Әйелдің айтуынша, күйеуі жиі ішімдік ішіп, өзін де ұрып-соққан. Полиция қызметкерлері мас ер адамды уақытша ұстау изоляторына қамады.
Жетісу облысының бала құқықтары жөніндегі уәкілі, жергілікті омбудсмен Ермек Егінбаев, күдіктіні ата-ана құқығынан айыруға ұсыныс бергенін жеткізді. Бұл мәселені енді арнайы комиссия қарайды.
Полиция денсаулыққа қасақана ауыр зиян келтіру дерегі бойынша қылмыстық іс қозғады. Зардап шеккен қыздың әкесі 8 жылға дейін бас бостандығынан айырылуы мүмкін.
