Тоқаев: Халықтың сенімі – бұл ең құнды нәрсе

Қасым-Жомарт Тоқаев Республикалық қоғамдық штабқа барып, кезектен тыс Президент сайлауындағы “Ашық қоғам” аймақтық зерттеулер халықаралық институты жүргізген Exit poll-дың қорытындысымен танысты, – деп хабарлайды Tengrinews.kz. Exit poll-дың нәтижесі жарияланғаннан кейін Республикалық қоғамдық штаб мүшелерінің алдында сөйлеген сөзінде Қасым-Жомарт Тоқаев бүгін ерекше, тарихи науқан өткенін атап өтті. Қасым-Жомарт Тоқаев Президент сайлауы жаңа саяси дәуірге жол ашатынын айтып, алдағы уақытта басты билік институттары түгел жаңғыртылатынын жеткізді. “Конституциялық реформаны толығымен және нақты жүзеге асырамыз. Еліміздің саяси құрылысын жаңа қалыпқа түсіреміз. Экономиканы түбегейлі өзгертеміз. Халқымыздың әл-ауқатын арттырамыз. Соның бәрін ойдағыдай атқару үшін бізге бірлік керек. Сондықтан әрдайым бірге болайық!” – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.