Тоқаев Путинге жүк тасымалдаушылар шекарада қандай проблемаға тап болғанын айтты

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан-Ресей шекарасындағы өткізу пунктерін заманауи инспекциялық-тексеру кешендерімен толықтай жабдықтауды ұсынды, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан. Тоқаевтың айтуынша, Қазақстан-Ресей шекарасында 30 автокөлік өткізу пункті жұмыс істейді. Алайда соның тек бесеуі ғана инспекциялық-тексеру кешендерімен жабдықталған. “Ресейдің шекара қызметі автокөліктердің жүк қоятын бөлігінде технологиялық өтуді қамтамасыз ету бойынша жаңа талаптар енгізді. Жүргізушілерді жүкті дәл тексеру аймағына түсіруге мәжбүрлейді, бұл көп жағдайда жүктің бұзылуына әкеледі. Тасымалдаушылар автокөліктердің тек үштен екісін ғана толтыруға мәжбүр”, – деді Тоқаев. Тоқаевтың сөзінше, өткізу пунктерін заманауи инспекциялық-тексеру кешендерімен толық жабдықтау қауіпсіздік проблемасын да, коммерциялық транзит жылдамдығы мәселелерін де шешер еді.