Университет профессоры сексистік пікір білдіргені үшін қызметінен босатылды

Елордадағы Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің оқытушысы Ерлан Сүлейменов “көп әйел алуды қолдаймын, әйелдерді ұрып-соғуға болады және кейде ұру да керек” деп айтқан. Бұл туралы KAZ.NUR.KZ хабарлады.

Жас ғалымдар альянсының төрайымы Әсия Ермұхамбетова желіде университет қызметкері екеуінің пікір алмасқан жазбасын жариялады. Ол оқытушының сексистік, ұлтшылдық және арандатушылық тудыратын пікір жазғанын білдірді.

Осыдан кейін әлеуметтік желіде профессорды сынағандардың қарасы көбейді. Олар университет қызметкерінің айтқанын “шектен шыққандық” деп бағалады. Осыған байланысты Еуразия ұлттық университетінің баспасөз қызметі пікір білдірді.

“Этика жөніндегі комиссия оның әрекетін адам мінез-құлқының стандарттарына сәйкес келмейді деп таныды. Комиссия ұсынысы бойынша ректордың бұйрығымен Ерлан Сүлеймен қызметінен босатылды” делінген хабарламады.