Вакциналар құрамында магнит бөлшектері бар ма?

Telegram-чаттарда қазақстандықтар вакциналар құрамында магнит бөлшектер бар деген теорияны тағы да таратуда. Бұл жолы «дәлел» ретінде доктор Джейн Рубимен жүргізілген бейне сұхбат алынған. Ол магнит бөлшектер вакциналардан мРНҚ-ы адам ағзасындағы жасушаларға «итеру» үшін қажет деп мәлімдеді. Бұл жалған деп хабарлады stopfake.kz. Шын мәнінде, Доктор Джейн Руби дәрігер емес. Ол өзі туралы денсаулық сақтау экономисі және психология докторы дәрежесі бар саяси сарапшы ретінде жазады. Бұған дейін ол COVID-19 пандемиясына байланысты жалған ақпарат таратқан болатын. Бұл жолы ол вакцина жасаушылар COVID-19 алдын алуға арналған препараттар өндірісінде магнит бөлшектерді әдейі қолданатынын мәлімдеді. Вакцинацияланған адамдардың қолына магниттердің тартылу «құбылысын» ол осылай түсіндіреді. Pfizer/BioNTech және Moderna сияқты мРНҚ вакциналарында липидті нанобөлшектер жасушаларға мРНҚ-ны жеткізу үшін қолданылады. Олар магниттік қасиетке ие емес және ағзаға зиян келтірместен қысқа уақыт ішінде ыдырайды. Басқа вакциналарда, соның ішінде Қазақстанда қолданылатын екпелерде магнит бөлшектер жоқ. «Магнит» вакциналар теориясын шетелдік фактчекерлер де жоққа шығарды.