Жаркентте капитан Дархан Даулеттің өліміне қатысты қылмыстық іс бойынша сот үкімі шықты.
Марқұмның төрт әріптесі, соның ішінде батальон командирі сот алдында жауап берді. Қайғылы оқиға 2024 жылғы 14 қарашаға қараған түні болған.
«74261 әскери бөлімі» инженерлік қызметінің 27 жастағы бастығы Дархан Даулет тәуліктік кезекшілікке түсіп, түнгі сағат бір шамасында өлі күйінде табылған. Қаза тапқан офицердің қолы мен аяғы артқа қарай байланған, аузы қолғаппен бітелген. Жігіттің басынан тесік жарақат, денесінде көптеген гематома анықталған.
Қылмыстық кодекстің 439-бабының 3-бөлігі бойынша батальон командирі кінәлі деп танылды. Ол 15 жылға бас бостандығынан, 10 жыл мерзімге Қарулы күштер мен әскери құрылымдарда басшылық лауазымдарды атқару құқығынан және майор әскери атағынан айырылды.
Дарханның екі әріптесі де Қылмыстық кодекстің 439-бабының 3-бөлігі бойынша кінәлі деп танылып, 12 жылға сотталды. Ал төртіншісі 10 жылға бас бостандығынан айырылып, жазасын орташа қауіпсіздік деңгейіндегі мекемеде өтейтін болды.
