Жемқорлықпен айыпталған Кентаудың бұрынғы әкімі 10 жыл түрме жазасына кесілді

Алматы қаласының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соты Кентау қаласының бұрынғы әкімі Дәурен Мақажановты жемқорлық бабымен (366-бап, 4-бөлік) кінәлі деп танып, он жылға түрмеге кесті. Бұл жөнінде Tengrinews агенттігі хабарлады. Сот сонымен бірге оған өмір бойы мемлекеттік қызметте, сотта, ұлттық банкте, ведомстволар мен қаржы мекемелерінде, квазисектор саласында мемлекеттік қызмет істеуге тыйым салды. Сот үкіміне сәйкес, ол жазасын қауіпсіздігі жоғары түрмеде өтейді. Кентау әкімінің парамен ұсталғаны жөнінде ақпарат биыл ақпан айында тараған. Сол кезде оның “сенімді адамдары арқылы 98 500 доллар көлемінде (42,5 млн теңге) пара алды” деп күдікке ілінгені айтылған. 42 жастағы Дәурен Мақажанов Кентау қаласын 2019 жылдың сәуірінен 2022 жылдың ақпанына дейін басқарған.